Бұл шығарманы оқу барысында маған ұнаған кейіпкерлердің бірі – Қотыр. Жазушы Қотыр, Тоқан сынды кейіпкерлер арқылы бұл өмірде барлық дүние мәңгі болмайтынын, бұл өмірдің жалған екендігін айтқысы келгендей. Бұл тұрғыда шығармада бірнеше мысалдар келтіріледі. Мысалы «бармын деп мастанба, жоқпын деп жасқанба» деген. Өмір қашан да алдамшы, – дейді Қотыр. Қотыр жаны, ары таза өте кедей адам, ол тауқыметте өтіп жатқан күндеріне қарамастан болашаққа жарқын бейнемен қарайды. Түбінде әділдіктің бір туарына сенімі мол. Сондай-ақ шығармада Қотырға кереғар кейіпте Тоқан бейнесі. Тоқан – Арқаны шулатқан атақты бай болған. Бұл дүниенің есігінің ашқан күннен бастап Тоқан үшін тіршілік тауқыметі деген ұғым әсте болған жоқ. Байлығына сенгені соншалық оқу оқып, білім алуға да тырыспады. Жүрген жерінің барлығы сауық-сайран, молшылық, жарлы-жақыбайлардың барлығы оған қызмет қылған, тіпті Арқаның байларының өзі ығысып одан бір саты төмен отыратын болған. Байлығының арқасында үш әйел алып, оларды үш отауға бөліп шығарды. "Қолда бар алтынның қадірі жоқ", – дейді қазақ. Ақыры аяғында сенген ағасы ұрланып, мал-мүлкімен Қытайға кетті. Екі ұлы партия құрамыз деп, одан еш нәтиже шықпай ақыры соңында үкімет құрығына ілініп, айдалып кетті. Өлі-тірісі белгісіз. Үкімет тәрбиесін көрген кіші ұлы өзіне қарсы шығып, ел алдында масқарасын шығарды. Бірақ ғұмыры ұзақ болмады. Ақыры қу басын сүйреткен Тоқан қаңғып жүріп Ақшоқыдан бірақ шықты. Ендігі жерде ол бір үзім нан үшін өзіне бұрын қызмет қылған жалшылардың өмірін енді өз көзімен көріп, басынан өткере бастады. Сол жалшыларға қарап отырып, өзінің бір ой түйетін жері айтылады шығармада. «Апыр-ау, – дейтін ол ішінен, – солардың қалай күн көріп жүргенін сол кезде назар салып байқамағаным ба? Олар маған солай болып туған, солай болып өлетін секілді және сол тірліктеріне өздері дән риза секілді көрінетін. Киген киім, ішкен астарына қарап, тым болмаса, бір рет өзімді солардың орнына қойып неге көрмедім екем?», – дейді.
Жалпы алғанда шығармадағы оқиғалар сонау ұжымдастыру науқанында өткен болса да бүгінгі біздің қоғамымызда да бұндай дүниелер болып жатыр және баршылық. Назар мен Нұрбек сынды кейіпкерлер өте көп деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлік жайт жазушының керемет суреткерлігі. Әсіресе ауылды суреттеуде келтірген мына бір сөздері: «Ойдағы елден тым қашып болса да, жаңалық атаулы ұзынқұлақ арқылы жүз құбылып жетіп жататын, жұрттың сыбырлап айтқан құпиясын да біліп қоятын, түнде әйеліңе айтқан сырыңды, келесі күні өзіңе айтып беретін – осынау қияндағы ауыл күндегі әдетімен әрең дегенде ұйқыға кетті.»